60 қызметкердің жалақысы 35 мың теңгеден 42 мыңға көтерілді.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар өз қызметкерлерінің жалақысын өсірмек, деп жазады ҚазАқпарат.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ең төменгі жалақыны 1,5 есе арттыруды тапсырған болатын. Солтүстік Қазақстан облысындағы көптеген кәсіпорындар өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруды бастап кетті. Атап айтқанда, өңірдегі ең ірі агроөнеркәсіп кәсіпорындарының бірі «Мәмбетов және К» коммандиттік серіктестігі 60 қызметкерінің жалақысын 35 мың теңгеден 42 мыңға көтерді.
Қазан айынан бастап тағы бірқатар агроқұрылымдар жалақыны өсірді. Мәселен, «Тайынша Астықта» еңбек етіп отырған 100 жұмысшының еңбекақысы артты, енді олар бұрынғы 50 мың теңгенің орнына ай сайын 60 мың теңгеден алады. «Шағала-Агро» ЖШС де 1 қазаннан бастап жалақыны көтерді.
Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының бірі «Киров атындағы зауыт»АҚ және «Мұнаймаш» АҚ келер жылдан бастап жалақыны жаппай көтеруге уәде етіп отыр. Бұдан бөлек, «Сервис-Жарыс» ЖШС, «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы» ЖШС, «Загот Интер» және «Адель құс» ЖШС сияқты кәсіпорындарда да ең төменгі жалақы өседі.
Жалпы, жаңа жылдан бастап өңірдің 43 мың тұрғынының әл-ауқаты жақсарады.