Елдегі пойыздарда интернет жүйесі іске қосылды

0
466

Пойыздағы ғаламтор заманауи спутниктік технологиялар арқылы іске қосылған.


Елдегі пойыздарда интернет жүйесі іске қосылды

ERNUR.KZ. Елімізде жолаушыларға ғаламтор қолжетімділігін ұсынған алғашқы пилоттық жоба аясында №3/4 "Астана-Алматы" пойызы елордадан жолға шықты, деп жазады BAQ.KZ.

Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Аталған бағыттағы сапар 17 сағатқа созылады. Алғашқы сапарда 500 жолаушы ғаламторға қосылу мүмкіндігін қолданды.

Жолаушылар жаңа қызмет арқылы WhatsApp-та бейнеқоңырау жасап, YouTube-тан бейнероликтер көріп және басқа да танымал ғаламтор-сервистерді пайдаланды. Алайда, торренттер мен ағынды жүктеу сайттарына кіруге шектеу қойылғанын ескерген жөн. Жолаушылардың айтуынша, ұзақ сапарларда ғаламтордың қолжетімділігі жол жүруді әлдеқайда қолайлы әрі қызықты етеді.

Пойыздағы ғаламтор заманауи спутниктік технологиялар арқылы іске қосылған. Локомотивке орнатылған спутниктік құрылғы бір пойыз қүрамында тұрақты және жоғары жылдамдықты ғаламторға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

“Пойыздарда ғаламторды енгізу – жолаушылар тасымалын дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз саяхаттарды заманауи талаптарға сай ұйымдастырып, ақпарат пен байланысқа қолжетімділікті толық қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырудамыз. Бұл жоба жолаушыларға байланыста қалып, әрі жұмыс істеп, әрі демалуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біз осы қызметті кеңейтіп, алдымен «Тальго» пойыздарының барлық 15 бағытына ғаламтор енгізуді жоспарлап отырмыз”, – деп атап өтті "Жолаушылар тасымалы" АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Жобаны жүзеге асыру Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Көлік министрлігі, сондай-ақ, «Jusan Mobile» телекоммуникациялық компаниясы мен Қазақстандағы Eutelsat-OneWeb ресми дистрибьюторының бірлескен жұмысының нәтижесінде мүмкін болды.

“ҚТЖ пойызында төмен орбиталық Eutelsat-OneWeb спутниктік технологиясын қолдану арқылы пилоттық жобаның іске қосылуы – көлікті цифрландыру бағытындағы маңызды қадам. Әріптестерімізбен атқарылған жұмыстың нәтижесінде күрделі жағдайларда да жолаушыларға тұрақты және жоғары жылдамдықты (50–100 Мб/с) ғаламтор ұсыну мүмкін болды. Бұл жетістік еліміздің цифрлық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, қазақстандықтардың сапарларын бұрынғыдан да қолайлы етеді” – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.

Жоба аясында билеттерді тексеруге арналған мобильді терминалдар, пойыз басшылары үшін бейнерегистраторлар және бейнебақылау жүйелері орнатылды. Барлық жазбалар автоматты түрде бұлтты деректер қоймасында сақталып, бақылау мен қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ғаламтордың енгізілуі мейрамхана вагонындағы төлем жүйесіне өзгеріс әкелді. Енді жолаушылар тапсырыстарын жол барысында POS-терминалдар арқылы төлей алады.