Елімізде 608 мыңнан астам адамға қызылшаға қарсы екпе егілді

0
782

Күн сайын 30 мыңнан астам адамға екпе егіледі.


Елімізде 608 мыңнан астам адамға қызылшаға қарсы екпе егілді

ERNUR.KZ. Елімізде қызылшаның таралуына қарсы тиімді күрес мақсатында халықты қосымша жаппай иммундау аясында вакцинациялауға жататын 1,5 млн адамның 608 мыңнан астамы вакцина алды, деп жазады sputnik.kz.

Күн сайын 30 мыңнан астам адамға екпе егіледі.
"Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда, тұрақтандыру бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр", - делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау жалғасуда. Жыл сайын 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық бала егіледі.
Сондай-ақ, эпидемиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Бұрын вакцина алмаған және одан бас тартқан 133,3 мыңнан астам адам егілді.
Қызылша және басқа да вакцинамен басқарылатын инфекциялардың профилактикасында вакцинацияның маңызы туралы халықпен ақпараттық жұмыс жалғасуда.
"Қабылданған шаралардың арқасында қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мәселен, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Абай, Ұлытау облыстарында соңғы аптада қызылшадан қорғау мақсатында өз балаларын вакцинациялауда халықтың белсенділігі артқан", - дейді комитеттегілер.
Денсаулық сақтау министрлігі елдегі қызылша бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына қосымша жаппай иммундау аясында қызылшаға қарсы вакцина алуға, 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына қызылшаға қарсы 2 екпе болмаған кезде, профилактикалық екпе егуге кеңес берді.

Профилактикалық екпені алу үшін жұмыс күндері ғана емес, демалыс күндері де тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінуге болады.