Елімізде астық импортына тыйым ұзартылды

0
2 029

Енгізілген шектеулер Қазақстан аумағы арқылы бидайды темір жол көлігімен транзиттік тасымалдауға қолданылмайды.


Елімізде астық импортына тыйым ұзартылды

ERNUR.KZ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2023 жылғы 10 тамыздағы шешімі негізінде "Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль және темір жол көліктерімен бидай әкелуге тыйым салу туралы" ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №337 бұйрығымен:

– 2023 жылғы 11 қазаннан бастап үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым (СЭҚ ТН: 100119; 100199) 6 ай мерзімге ұзартылды;

– лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің және құс шаруашылығы кәсіпорындарының атына бидай әкелуді қоспағанда, үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен темір жол көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым (СЭҚ ТН: 100119; 100199) белгіленді.

Осылайша, бидайдың кезкелген тұтынушысы оны лицензияланған элеваторлар арқылы импорттай алады.

Сондай-ақ, енгізілген шектеулер Қазақстан аумағы арқылы бидайды темір жол көлігімен транзиттік тасымалдауға қолданылмайтыны аталып өткен.