​Елімізде әуе экипаждарына лазермен шабуылдау жиілеген

0
183

Қазақстанда әуе экипажын лазерлік құрылғылармен «соқыр ету» оқиғалары жиілеген.


​Елімізде әуе экипаждарына лазермен шабуылдау жиілеген

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

ERNUR.KZ. Елімізде әуе кемесін басқаруға кедергі жасау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Әділет министрлігі қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаментінің директоры Думан Сүлейменов мәлім етті, деп жазады inform.kz.

- Қазақстанда әуе экипажын лазерлік құрылғылармен «соқыр ету» оқиғалары жиілеген. Әдетте бұл әрекеттер ұшақ қонған немесе көтерілген кезде болып жатады. 2023 жылы пилоттарды лазерлік құрылғылармен «соқыр етудің» 60 дерегі тіркелді. Оның ішінде 35 дерек бойынша тергеу жүрді, бірақ 33 іс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды және 2 іс қылмыскер анықталмағандықтан жабылды. Қалған материалдар құзырлы органдарға жіберілді немесе іс дәптеріне тіркелді, - деді Думан Сүлейменов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Әділет министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, Алматы халықаралық әуежайында 2017 жылдан 2023 жыл аралығында 98 жағдай тіркелген.
- Австралия, Германия, Жаңа Зеландия, Канада және АҚШ-та лазерлік шабуыл қылмыс болып есептеледі. 2016 жылы Өзбекстанда Қылмыстық кодекстің 263-1-бабына сәйкес әуе кемесі экипажына лазер сәулесімен кедергі жасағаны үшін 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Германияда 315-бап «Теміржол, су немесе әуе коммуникацияға қауіпті кедергі жасау» аясында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) әуе қозғалысының қауіпсіздігіне лазер сәулелерінің тәуекелін таныды, - деп толықтырды спикер.
Айта кетсек, ICAO Қазақстанға азаматтық авиацияны дамытудың бас жоспарын әзірлеуге көмектеседі. Бұл туралы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) президенті Сальваторе Шаккитано Kazinform агенттігіне берген сұхбатында мәлім етті.