Елімізде биыл көлік құны 8-10%-ке қымбаттайды

0
386

Былтыр Қазақстанда көлік 24 процентке қымбаттады.


Елімізде биыл көлік құны 8-10%-ке қымбаттайды

ERNUR.KZ. Биылдыққа көлік арзандамайды. Арзандағаны былай тұрсын, 8-10 процентке қымбаттауы мүмкін, деп жазады 24.kz.

Осылайша кейінгі бес жылдықтағы рекордтық өсімді көрсетті. Утилизациялық алым азайғанымен, бағаның шарықтау тренді биыл да жалғасады. «ҚазАвтоПром» одағы төрағасының орынбасары Артур Мискарян осындай пікірде. Оның айтуынша, қымбатшылық жалғыз Қазақстан емес әлемдік үрдіске айналды. Өйткені жаңа көліктің өндірісі сұранысты жаба алмай жатыр. Кідіріске әсер еткен факторлар әлі жойылған жоқ. Ал отандық зауыттар ішкі нарықтың 59 процентін ғана қанағаттандыра алады. Қалғаны импортқа тәуелді.

"Егер әлемде автокөлік өндірісі қалыпты жұмыс істеп, электронды микросхема тапшылығы мен тасымал мәселесі қиындап кетпесе, көлік 8-10 процент деңгейінде қымбаттайды. Бұл ең жағымды болжам. Пандемиялық тәуекелдер тағы бар. Егер шектеулер күшейіп, тосын жағдайлар орын алса, бағаның қалай құбылатынын болжау қиын", - дейді «Қазавтопром» одағы басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарян.

ЕЛДЕГІ КӨЛІКТІҢ ЖАРТЫСЫ 20 ЖЫЛ ЖҮРІЛГЕН

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда былтыр 11 айда елде 107 мың су жаңа автокөлік сатылды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 процентке көп. Ең арзаны 4 миллион 700 мыңға бағаланды. Ал жалпы жаңа көліктің орташа құны 11 миллион 300 мың теңге болды. Биыл 12 жарым миллионнан асуы мүмкін. Сарапшылардың пайымы осы. Себебі Қазақстан нарығында сұраныс жоғары.

Мәселен 2016 жылы мың тұрғынның 215 -інде өзінің жеке көлігі болса, былтыр бұл көрсеткіш 199-ға дейін төмендеген. Яғни нарықта қолжетімді әрі жағдайы жақсы көлік аз деген сөз. Автонарықты сараптау және бақылау орталығының мәліметіне қарағанда елдегі көлік паркінің жартысынан астамы шыққанына 20 жылдан асқан.

Бұл көрсеткіш көрші Ресейде 14 жыл. Ал Еуропа елдерінде темір тұлпарлардың көбінің шыққанына 10 жыл да болмаған.

"Әлемде көліктің қымбаттауына бірнеше себеп бар. Ең бірінші –пандемия. Машина жасау зауаттары локдаунға жабылып қалды. Оның үстіне, электронды микросхема тапшылығы туындады. Осылайша жаңа көлік азайып, сұраныс артты. Сәйкесінше баға өсті. Екіншіден, металл 30 процентке қымбаттады. Тасымал саласында кедергі көбейіп, вагон, платформалардың қызмет құны артты. Бұл да көліктің бағасына қосылады. Осылайша әлемде баға көтеріліп жатыр", - дейді «Тәуелсіз автомобилистер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Эдуард Эдоков.