Министрліктің бастамасымен ауылдық мектептердің әлеуетін арттыруды көздейтін «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске асырылуда.
ERNUR.KZ. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту мақсатында биыл 62 мыңнан астам орынға 547 балабақша ашылып, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 91,5%-ды құрады. 2100 мектеп, оның ішінде 1008 ауылдық мектеп жаңғыртылды, биыл бұл жұмыс 1000 мектепте жалғасын табады. 2023 жылы мектептерге 1500-ден астам заманауи пәндік кабинет жеткізілді, биыл қосымша 1300 кабинет жабдықталады. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында айтты.
Министрліктің бастамасымен ауылдық мектептердің әлеуетін арттыруды көздейтін «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске асырылуда.
2024 жылы қазақстандық 1646 дарынды оқушы 31 халықаралық олимпиада мен байқауға қатысып, 473 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 58-і алтын, 169-ы күміс және 246-сы қола. Әрбір үшінші қатысушы жүлдегер атанды.
«Бұл ретте алтын медаль жеңіп алған балалар 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақыға ие болды. Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 2027 жылға қарай 50 қосымша білім беру орталығы және 100 жаңа ірі нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде 20 нысан пайдалануға берілді», – деді спикер.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде алғаш рет Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Министрлік тарапынан орталықтардың қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар, штат кестесі, қызметкерлердің біліктілігіне және материалдық-техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптар бекітілді. Қазіргі күні орталықтардың кадрмен қамтылуы 68% деңгейінде. Ағымдағы жылы Психологиялық қолдау орталықтары тарапынан 240 мың оқушы мен олардың отбасысына көмек көрсетілді. Олардың 140 мыңы – кәмелетке толмаған, ал 100 мыңға жуығы – ата-аналар.
2024-2025 оқу жылының басынан білім ұйымдарына ДОСБОЛlike буллингке қарсы отандық бағдарлама, балалар арасында қауіпсіз мінез-құлық пен дағдыларды дамытуға бағытталған Қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Бұл жұмыстардың аясында Балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2023-2024 оқу жылында алғаш рет барлық білім беру ұйымында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген мемлекетіміздің саясатын көрсететін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді.
«Әрбiр баланың қалыптасуына тікелей ықпал ететін негізгі тұлға ата-ана екені белгілі. Бұл ретте қазіргі ата-ана тарапынан бала тәрбиесінде педогогикалық көмекке сұраныстың бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан барлық мектептерде алғаш рет Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, табысты жұмыс атқаруда», – деді ведомство өкілі.
Ата-аналар позитивті ата-аналардан кеңес алады, ата-аналардан келіп түскен өтініштер саны 40%-дан 60%-ға дейін өсті. Бала бақыты жолындағы білім ұйымы – ұстаз – ата-ана ынтымағын арттыру үшін бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Алдағы жылы ата-аналар комитеттерінің форумын өткізу жоспарда бар.
Балалардың қоғам мен мемлекет өміріне қатысу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында дәстүрлі түрде балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелерін талқылауға балалар омбудсмендері белсенді тартылып келеді. Бұл балалардың ойын тыңдап, оларды мемлекеттік саясатта ескеруге мүмкіндік береді.