Бас жүлдеге Бекарыс Шойбеков ие болды.
Кентау қаласының 70 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына орай «Кентауым - мәуелі гүл бағым» атты дәстүрлі ақындар айтысы өтті. Бұл өнер додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 танымал айтыскер ақын өзара бақ сынасты. Жыр додасында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық өнерді ұлықтаудың және рухани құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
Қазылар алқасы құрамында ҚР мәдениет қайраткері Әбілхаир Сыздықов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ләззат Сарыбаева, ҚР мәдениет саласының үздігі Бекмұрат Анарбаев, ақын, дәстүрлі әнші-термеші Аязбек Рүстамов, сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы болды. Қазылар айтыскерлердің тапқырлығына, суырыпсалмалық қабілетіне және көркемдік шеберлігіне баға берді. Жыр сайысында ақындар Кентау қаласының жетістіктерін, жастар тәрбиесі мен руханият тақырыптарын жырлап, шеберліктерін көрсетті.
Нәтижесінде сөз додасында бас жүлдеге Бекарыс Шойбеков ие болды. Жүлделі 1-орынға Нұрмат Мансұр, 2-орынға Дидар Қами мен Ақмарал Леубаева, 3-орынға Нұрзат Қару, Сезімхан Шұғайып, Дәурен Ақсақалов және Нұрдаулет Өмірбек ие болды. Сонымен қатар, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында бірнеше арнайы аталымдар бойынша марапаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.


