Елімізде мектеп күресін дамытуға бағытталған жаңа жоба басталды

0
125

Жоба аясында мектептер күреске арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылар арасында бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріледі.


Елімізде мектеп күресін дамытуға бағытталған жаңа жоба басталды

Фото: ҚР Туризм жəне спорт министрлігі telegram

ERNUR.KZ. Астанадағы №114 мектепте "Мектеп күрес лигасы" жобасы аясында күрес спортына арналған арнайы жабдықтарды тапсыру рәсімі өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов және спорт саласының өкілдері қатысты.

Жоба Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан күрес федерациясының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – оқушылар арасында бұқаралық спортты дамыту, күрес түрлерінің қолжетімділігін арттыру және жас спортшыларды даярлауға жағдай жасау.

"Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдердің спортпен жүйелі түрде айналысуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы міндеттерді іске асыру аясында білім беру ұйымдарында ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Күрес – халқымыздың рухымен біте қайнасқан, батылдық пен табандылыққа тәрбиелейтін спорт түрі. Бүгін мектепке табысталып отырған күрес кілемі оқушылардың спортпен тұрақты айналысуына, шеберліктерін шыңдауына және болашақ чемпиондардың қалыптасуына өз үлесін қосады деп сенемін", – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Бастама аясында №114 мектепке стационарлық күрес кілемі табысталып, тараптар үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) ұйымының қолдауымен халықаралық бағдарламаларды іске асыру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында күресті дамыту, сондай-ақ семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру жоспарланған.