Елімізде мүгедектікті растау процесі жеңілдеді

0
480

Мүгедектікті растау процесін жеңілдету үшін бірнеше мемлекеттік органдардың қызметі біріктірілді.


Елімізде мүгедектікті растау процесі жеңілдеді

ERNUR.KZ. Елімізде ендігі уақытта мүгедектікті растау шарасы жеңілдей түспек. Бүгінде аталған жаңашылдық кейбір өңірлерде пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатыр. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Президент жүктеген тағы бір міндет - елімізде мүгедектікті растау процесін жеңілдету. Өйткені, мүгедек жандар жыл сайын арнайы комиссиядан өтеді. Дәрігерлердің тексеруі бар, ондағы кезек мұның бәрі ұзаққа созылатын процесс. Мемлекет басшысы осыны қысқартып, жүйелеуді талап етті. Аталған тапсырма ақпан айында беріліп, құзырлы органдар дереу іске көшті. 1 қазаннан бастап Президенттің бұл тапсырмасы еліміздің кей өңірлерінде пилоттық жоба ретінде жүріп жатыр. Ал толықтай келесі жылдың қаңтарынан бастап іске қосылады», - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, мүгедектікті растау процесін жеңілдету үшін бірнеше мемлекеттік органдардың қызметі біріктірілді.

«Осылайша Мемлекет басшысы міндеттеген жүк, бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде жүзеге асып жатыр. Әрине, айтуға оңай, ал іс жүзінде бұл уақытты талап ететін жұмыс. Дегенмен тапсырма берілді, демек ол орындалуы тиіс. Яғни азаматтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етіп, істі автоматтандыруымыз керек», - дейді ол.

Бұған дейін Президент көмекшісі елімізде мүгедек жандардың сұранысына ие нысандардың картасы жасалғанын мәлім етті.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдау аясында жүктеген міндеттердің қалай іске асып жатқаны айтылды.