Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып саналатын әскери білім беру жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
ERNUR.KZ. Бүгінде жүйеге Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесінің бірыңғай нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік кеңістігінде жұмыс істейтін 9 әскери оқу орны кіреді. Мамандарды даярлау техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары білім, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру магистратура және докторантура деңгейлері бойынша жүзеге асырылады. Осылайша, сержанттық құрамнан бастап офицерлер мен әскери ғалымдарға дейінгі кәсіби өсудің үздіксіз жүйесі қалыптастырылды. ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев ОКҚ брифингінде осылай деді.
Оның айтуынша, қабылдау және конкурстық іріктеу жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді.
«Өткен жылдан бастап өтініштерді eGov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы қабылдау енгізілді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы ҰБТ нәтижелерін алуды, арнайы тексерулер мен медициналық рәсімдерден өтуді автоматтандыруға мүмкіндік берді. Құжаттарды рәсімдеу мерзімі 120 күннен 30 күнге дейін қысқартылды. Азаматтарға өтінішті қашықтан беру мүмкіндігі жасалып, бұл рәсімнің ашықтығын, барлық өңір жастары үшін тең қолжетімділікті және субъективті факторларды барынша азайтуды қамтамасыз етті», – деді спикер.
Әскери жоғары оқу орындарына қабылдау төрт кезеңнен тұратын жүйе бойынша жүзеге асырылады: кәсіби-психологиялық іріктеу, медициналық куәландыру, дене даярлығын тексеру және конкурстық рейтинг.
2025 жылғы қабылдау науқанының қорытындысы бойынша әскери колледждерге бір орынға орта есеппен үш үміткерден келді. Ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар қатарында мемлекеттік авиацияда әуе кемелерін ұшу арқылы пайдалану, әскери медицина, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, сондай-ақ әскери істегі дене шынықтыру бағыттары болды.
Оқуға қабылдау қолданыстағы заңнамаға сәйкес рейтингтік тізімдер негізінде қатаң түрде жүргізіледі. Көрсеткіштері тең болған жағдайда «Қазақстан Республикасындағы әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабында көзделген азаматтарға, оның ішінде әскери қызмет өткеру өтілі бар әскери қызметшілердің балаларына, «Алтын белгі» иегерлеріне және олимпиада жеңімпаздарына басым құқық беріледі.
Кәсіби сержанттар құрамын даярлау бес әскери колледжде жүзеге асырылады. Бұл 9 немесе 11-сыныптан кейін әскери мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беретін ерте кәсібилендірудің заманауи моделі. Колледждер бөлімшелердегі тәртіптің, ұйымшылдықтың және жауынгерлік тұрақтылықтың негізі саналатын сержанттарды даярлайды.
Даярлық мотожаяу әскер, танк және артиллерия бөлімшелерін басқару, инженерлік қамтамасыз ету, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану, байланыс және радиоэлектроника, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, дене даярлығы мен десанттық-шабуыл қызметі, сондай-ақ әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағыттары бойынша жүргізіледі.
Оқу кезеңінде кадеттер мемлекет есебінен қамтамасыз етудің барлық түрімен қамтылады, Әскери ант қабылдайды және әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады. Оқуды аяқтағаннан кейін оларға «сержант» әскери атағы беріледі, мемлекеттік үлгідегі диплом табысталады және одан әрі әскери қызмет өткеруіне кепілдік беріледі.
Әскери колледждердің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді ҰБТ тапсырмай-ақ, конкурс негізінде әскери институттардың қысқартылған үш жылдық білім беру бағдарламаларына түсу құқығына ие.


