Фото: Magnific.com
ERNUR.KZ. Алматы тауларында теңіз деңгейінен төрт мың метрге жуық биіктікте жаңа аспалы жол салу жоспарланып отыр. Нысан осы үлгідегі әлемдегі ең күрделі әрі ұзын аспалы жолдардың алғашқы үштігіне енуі мүмкін, деп жазады Stan.kz.
Чкалов шыңына апаратын тірексіз маятникті аспалы жол Шымбұлақ тау шаңғысы курортының 3200 метр биіктіктегі ең жоғарғы нүктесінен басталып, шамамен 3800 метр биіктікте аяқталады. Таулы аймаққа мамандар мен құрылысқа қажетті жабдықтар тікұшақпен жеткізіледі. Жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыру көзделген.
Қазір Шымбұлақта S-5 деп аталатын жаңа тау шаңғысы көтергіші де салынып жатыр. Құрылысшылар бетон құю жұмыстарын аяқтаған. Жыл соңына дейін жасанды қар жаудыру жүйесі мен қар көшкінінен автоматты түрде қорғайтын құрылғыны іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Бутаковка шатқалында үш жаңа аспалы жол салуға рұқсат берілген. Алайда биік таудағы табиғи-климаттық жағдай мен жүк тасымалдаудың қиындығына байланысты құрылыс жүргізуге қолайлы уақыт өте қысқа. Жобалар Алматы тау кластерін дамыту аясында жүзеге асырылады.
"Құрылыс жүргізуге қолайлы кезең небәрі 3–3,5 айға созылады. Сондықтан мердігерлер қысқа уақыт ішінде көптеген инженерлік желіні тартып, жабдықтарды орнатып, ұзақ жыл бойы сапасын жоғалтпайтын бетон құюы керек. Сонымен қатар шаңғышылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр", — деді Almaty Tau Management басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко.
Жаңа аспалы жолдар мен көтергіштер Алматының тау шаңғысы инфрақұрылымын кеңейтіп, демалыс орындарының өткізу мүмкіндігін арттыруға тиіс.


