Елімізде Ұлттық тауарлар каталогы әзірленді

0
125

Бүгінде Сауда және интеграция министрлігі сауда саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.


Елімізде Ұлттық тауарлар каталогы әзірленді

ERNUR.KZ. Бұл процестің негізгі элементі – әр тауар бірегей сәйкестендіру кодын алатын Ұлттық тауарлар каталогын құру. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес Қазақстан аумағында тауарларды сату кезінде осы кодты пайдалану міндетті болады. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, пилоттық жобаға 100 мыңнан астам тауар атауын жүктеген Anvar, Small және Magnum сияқты ірі сауда дүкендері қосылды. Енді чектерде NTIN арнайы коды көрсетіледі. Бұл – халықаралық GTIN кодының қазақстандық аналогы. Ол 13 таңбадан тұрады. Тауарға код берілгеннен кейін оның барлық циклін бақылап отыруға болады: зауыттан шығуы, қайда жіберілді, т.б. мәліметтер.

«Оның пайдасы неде? Көлеңкелі сауда болмайды, сапасыз өнімнің жолы кесіледі, әділсіз бәсекеге қарсы тұра аламыз. Ол – бизнес үшін жаңа қадам. 1 қаңтардан бастап Қазақстан аумағында барлық тауарды сату кезінде NTIN коды міндетті болады. Бұл – тауар өндіруші, дистрибьютор, сауда дүкендері, кәсіпкерлердің бәріне ортақ. Жаңа ереже бәрімізге бірдей. Каталогқа тауар айналымына қатысушылар қосыла алады. Жоба аясында оқу материалдары, нұсқаулық және интерфейстер дайындалып жатыр», – деді спикер.