Заңсыз қоқыс үйінділерін жою мәселесі мемлекеттік экологиялық саясаттың өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді.
ERNUR.KZ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі заңсыз полигондардың пайда болуының алдын алу, анықтау және жоюды бақылау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Соңғы жылдары анықталған заңсыз полигондар санын азайтудың оң үрдісі байқалып тұр. Егер 2020 жылы жою деңгейі 66% ғана болатын 8884 полигон анықталса, 2024 жылы олардың саны 4886-ға дейін азайып, оның 93%-ы жойылды. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы ғарыштық мониторинг деректері бойынша 2707 қоқыс үйіндісі тіркелді, бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай аз, бірақ жою сапасы проблемасы сақталуда – бүгінгі күні анықталғандардың 672 объектісі немесе 24%-ы ғана жойылды. Әсіресе, Абай, Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында жоюдың төмен көрсеткіштері байқалады.
«Жоюдың жоғары пайызы Алматы, Қызылорда, Павлодар және Қостанай облыстарында байқалады. Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін, оның ішінде заңсыз полигондарды жою бойынша жеткіліксіз жұмыс үшін 87 лауазымды тұлға, оның ішінде 10-нан астам аудан және қала әкімінің орынбасарлары жалпы сомасы 12,4 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді спикер.
Заңсыз полигондарды қалыптастыру үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізілді. Осылайша, айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісіне қарай 100-ден 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылып, көлік құралын тәркілеу түріндегі шара енгізілді.
Айта кетерлігі, заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының бір бағыты болып табылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың таза және қауіпсіз өмір сүру ортасын құру және аумақтардың санитарлық жағдайы басты назарда.