Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев жоба аясында аңшылық шаруашылықтарын қолдау үшін арнайы блоктар қарастырылғанын мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Сенатта өткен дөңгелек үстелде жануарлар дүниесін қорғау саласына өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы қаралды. Депутаттар аңшылық шаруашылықтарына жабайы аңды қолдан өсіруге коммерциялық рұқсат беру мәселесін көтерді, деп жазады baq.kz.
Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев жоба аясында аңшылық шаруашылықтарын қолдау үшін арнайы блоктар қарастырылғанын мәлімдеді. Оған салықтық жеңілдіктер мен жануарларды өз бетінше өсіру мүмкіндігі кіреді.
Депутаттар вице-министрден табиғатты қорғау, сондай-ақ аңшылық шаруашылықтарының құқықтары мен міндеттеріне қатысты түзетулердің қажеттілігін нақтылап сұрады. Әсіресе аңшылық шаруашылықтарына жануарларды қолдан өсіруге коммерциялық рұқсат беру мүмкіндігі және оның іс жүзінде қалай жүзеге асатынына тоқталды. Белгілі болғандай, мұндай шара жануарлар популяциясын көбейтуге ықпал етуі мүмкін.
Бұл сауалға жауап берген Нұркен Шәрбиев тиісті түзетулер заң жобасына енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, алдағы жылдары құжат Парламент қарауына ұсынылады.
Коммерция аясында арнайы блоктар енгізіледі. Аңшылық шаруашылықтары жануарларды өздері өсіріп, табиғи жағдайда көбейте алады. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік елдерде кеңінен қолданылады, – деді вице-министр.
Ол ұсынылып отырған өзгерістердің аңшылық шаруашылықтарын қолдауға бағытталғанын атап өтті. Атап айтқанда, шаруашылықтарға салықтық жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Кейбір жануар түрлеріне квота қойылмайды, бірақ бұл норма әлі нақты бекітілген жоқ.
Қазіргі уақытта реттеушілік әсерді талдау жүргізіліп жатыр. Егер оң қорытынды берілсе, тиісті өзгерістер қабылданатын болады. Вице-министрдің айтуынша, мұндай тәжірибені тіпті қоян сияқты қарапайым түрлерге де қолдануға болады.