Республика күні қарсаңында Ақмола облысында отбасыларға пәтер кілттері табысталды

0
109

Щучье қаласында әлеуметтік осал санаттағы 35 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.


Республика күні қарсаңында Ақмола облысында отбасыларға пәтер кілттері табысталды

Сурет: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Республика күні қарсаңында Ақмола облысының жүздеген отбасы баспаналы болды. Щучье қаласы мен Шортанды ауданының тұрғындары көптен күткен пәтерлерінің кілтін алды, деп жазады tengrinews.kz.

Щучье қаласында әлеуметтік осал санаттағы 35 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. 130 пәтерден тұратын заманауи бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған. Пәтерлердің бір бөлігін әкімдік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу мақсатында сатып алған.

Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, қоныс тойын атап өткен отбасыларды құттықтады.

Өңір басшысы Ақмола облысы еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша жетекші орындардың бірін иеленіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен кезеңде облыста 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде жеті мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлаған.

Жыл басынан бері Көкшетау, Қосшы қалаларында, сондай-ақ Аршалы, Бурабай, Бұланды, Егіндікөл, Зеренді және Сандықтау аудандарында тұрғындарға жаңа үйлер мен пәтерлердің кілттері табысталды.

"Мұндай нәтижелерге Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырудың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді", – деді Марат Ахметжанов.

Бурабай ауданында соңғы үш жылда әлеуметтік осал санаттағы 500-ден астам отбасы баспаналы болған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін тағы 50-ден астам пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

Мерекелік қоныс тойы Шортанды ауданында да өтті. Мұнда 36 пәтерлік жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтерлер тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж ретінде ресми тіркеуде тұрған азаматтар арасында "Отбасы банк" арқылы бөлінді.

Жаңа үй орталық инженерлік желілерге толық қосылған. Тұрғындардың жайлылығы үшін үйдің аумағы да абаттандырылған.Суреттер: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мерекелік шара аясында игі экологиялық бастама да жүзеге асты. Аудан басшылығы, Қоғамдық кеңес мүшелері мен жаңа пәтер иелері тұрғын үй маңына ағаш отырғызу акциясына қатысып, қоршаған ортаны көркейтуге өз үлестерін қосты.