Елімізде жаңа салық кодексі 2025 жылдың шілдесіне дейін енгізіледі

0
467

Жаңа кодекс жобасында қарыздың мөлшеріне байланысты мәжбүрлеу шаралары енгізілуі мүмкін.


Елімізде жаңа салық кодексі 2025 жылдың шілдесіне дейін енгізіледі

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жаңа салық кодексі 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданып, 2026 жылдың қаңтарына дейін күшіне енетінін айтты, деп жазады stan.kz.

Байбазаровтың айтуынша, бұл белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға мүмкіндік береді.

Жаңа кодекс жобасында қарыздың мөлшеріне байланысты мәжбүрлеу шаралары енгізілуі мүмкін. Одан жоспарлы салықтық тексерулер алып тасталып, 5 миллион теңгеге жуық қарыз болған жағдайда кейінге қалдыру туралы тармақ қосылды.

“Салықтық жеңілдіктердің тиімділігін арттыру үшін жоба тиімсіз салық жеңілдіктерінің бір бөлігін алып тастап, барлық берілген жеңілдікті салық есебінде көрсетуді көздейді. Корпоративтік табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі қарастырылған. Қосылған құны жоғары өнімді экспорттаушылар үшін – 10%”, – деді ұлттық экономика министрі.

Байбазаров жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемелерін белгілеу, банк секторында акционерлердің дивидендтеріне қосымша салық салуды енгізу, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайларды нашарлатпай салық режимдерін оңтайландыру, салықтық әкімшілендіруді толық цифрландыру туралы айтты.