Еліміздегі 4 мыңнан астам сарбаздың несиесі кейінге қалдырылды

0
595

4 мыңнан астам сарбаздың 1,5 млрд теңге сомасындағы несиелері кейінге қалдырылды.


Еліміздегі 4 мыңнан астам сарбаздың несиесі кейінге қалдырылды

ERNUR.KZ. 2023 жылы әскер қатарын 37 мыңнан астам азамат толықтырды, деп жазады baq.kz.

Шақыру шаралары екі кезеңде: көктем мен күз айларында ұйымдастырылды. Әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенінің арқасында бұл науқандар мерзімінен бұрын аяқталды.

37 мың әскерге шақырылушының 16 мыңнан астамы Қарулы күштерге жіберілді. Қалған 21 мың азамат Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.

Қорғаныс министрлігінің мүдделі мемлекеттік органдар қолдаған әлеуметтік бастамаларының қатарында кредиттік демалыстар, мерзімді әскери қызметін өткергендерге білім алу жеңілдіктерін беру және сарбаздарды жұмысшы мамандықтарына оқыту секілді маңызды мәселелер бар.

Қазіргі таңда 4 мыңнан астам сарбаздың 1,5 млрд теңге сомасындағы несиелері кейінге қалдырылды. Өткен жылы мерзімді қызметін өтеген 615 адам ҰБТ тапсырмай, азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Оқу орталықтарында экономиканың нақты секторында сұранысқа ие 15 әскери-есептік мамандық бойынша 1195 әскери қызметші дайындалды.

Бұдан өзге де жеңілдіктер баршылық. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мемлекет есебінен заттай мүлікпен, тамақпен және ай сайынғы ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қызмет көрсету кезеңінде мерзімді сарбаздар медициналық қызметтің толық спектрін алуға құқылы. Жалпы әскери жарғыларда айқындалған тәртіппен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге көтермелеу ретінде қысқа мерзімді демалыс беріліп, жол шығындары мемлекет есебінен төленеді.

Әскери қызмет мерзімі өткеннен кейін немесе денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан босатылған кезде олар бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын алады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.

Техникалық, кәсіптік, жоғары білімі бар әскери қызметшілер алты ай қызмет өткергеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге құқылы. Өткен жылы бұл мүмкіндікті 852 сарбаз иеленді. Бұл ретте оқуға түсу жылы 24 жасқа толмаса, олар жалпы орта білім базасында жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына қабылдануы мүмкін.

Жергілікті әскери басқару органдарын цифрлық трансформациялау шеңберінде 17 жастағы жастарды проактивті форматта әскери есепке алу ұйымдастырылғанын айта кету керек. Бұл өз кезегінде бір миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қызметті автоматтандыру сонымен қатар шақыру учаскесінен тіркелу туралы куәліктерді алу қажеттілігін жояды. Алдын ала мәліметтер бойынша 2024 жылы 170 мыңнан астам адам тіркелуге жатады.