Индекс төрт бағыт бойынша 56 көрсеткіштен қалыптасады: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат» және «Елдің әл-ауқаты». Ол 35 статистикалық және 21 сауалнамалық деректерге негізделген.
ERNUR.KZ. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда Балалардың әл-ауқат индексінің тұрақты өсімі байқалды. Орташа республикалық көрсеткіш 2,5 пунктке көтеріліп, 2023 жылғы 56,1 баллдан 58,6 баллға жетті, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Сегіз өңір орташа деңгейден жоғары нәтиже көрсетті — 59,4-тен 64,6 баллға дейін. Көш басында 64,6 балл нәтижесімен Ақтөбе облысы тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пунктке артық. Павлодар облысы да жоғары деңгейін сақтап қалды — 63,3 балл. Елеулі өсім Алматы қаласында (+6,9) және Қостанай облысында (+6,4) тіркелді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап Қазақстанда Балалардың әл-ауқат индексі енгізілді. Бұл көрсеткіш өңірлер арасындағы нәтижелерді және халықаралық деңгейдегі көрсеткіштерді салыстыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның назарын балалық шақ мәселелеріне аударады», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Индекс төрт бағыт бойынша 56 көрсеткіштен қалыптасады: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат» және «Елдің әл-ауқаты». Ол 35 статистикалық және 21 сауалнамалық деректерге негізделген. Көрсеткіштер бала денсаулығы мен дамуын, отбасылық және әлеуметтік ортаны, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, экология және инфрақұрылым салаларындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтиды.