Еліміздегі ең бай зейнеткер қанша алатыны белгілі болды

0
621

Зейнетақы жинақтарының ұлғаюына инвесторлардың зейнетақы жарналары ғана емес, таза инвестициялық кіріс есебі де әсер етті.


Еліміздегі ең бай зейнеткер қанша алатыны белгілі болды

2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 17,9 трлн теңге зейнетақы жинағы қалыптасты. Бір жылда жинақ сомасы 3,2 трлн теңгеге өсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Зейнетақы жинақтарының ұлғаюына инвесторлардың зейнетақы жарналары ғана емес, таза инвестициялық кіріс есебі де әсер етті. 2023 жылы шамамен 1,6 триллион теңге кіріс болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 685,4 миллиард теңгеге немесе 77,7%-ға артық.

Зейнет жасқа жетуге байланысты БЖЗҚ-да орташа зейнетақы төлем мөлшері – 32 202 теңге, ал ең жоғары мөлшері – 742 692 теңге. 742 692 теңге тек бірыңғай зейнетақы қорынан төленеді, ал жалпы зейнетақысы одан да көп. Себебі ол барлық басқа зейнеткерлер сияқты бірлескен және базалық бөліктен тұратын мемлекеттік зейнетақыны алады.

Осылайша 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді есепке алмағанда, орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 120 744 теңгеге жетті. Оның ішінде бірлескен зейнетақы – 82 868 теңге, базалық – 37 876 теңге.

Соны есептесек, ең көп зейнетақы алатын адамға айына 860 мың теңгеден астам ақша түседі.