Туризм – ұлттық экономиканы әртараптандырудың драйверлерінің бірі. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша туризм саласында тұрақты оң көрсеткіштерге қол жеткізілді.
ERNUR.KZ. Ішкі туризм бойынша орналастыру орындарында қызмет көрсетілген азаматтардың саны 3,9 млн адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 500 мыңға көп. Ішкі туристер санының айтарлықтай өсуі әсіресе Алматы облысында, Қызылорда облысында және Ақтөбе облысында тіркелді. Бұл туралы ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, түрлі туристік мақсатпен елімізге 7,5 млн шетелдік қонақ келген. Бұл сан жұмыс бабымен немесе тұрақты тұру мақсатында келгендерді қоспағанда анықталған. Аталған көрсеткіштің ішінде 5 млн адам елімізде бір күннен артық уақытын өткізген. Сондықтан олар шетелдік туристер ретінде тіркелді.
«Орналастыру орындарының жиынтық кірісі 151 млрд теңгені құрап, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 25%-ға жоғары болды. Еліміздегі орналастыру орындарының жалпы саны 4 442 нысанға жетті. Олардың бір мезгілде қабылдау сыйымдылығы 232 мыңнан астам төсек-орынды құрап отыр. Өңірлер бойынша бұл көрсеткіштің ең жоғары өсімі Жетісу облысында, Қарағанды облысында, Шығыс Қазақстан облысында және Шымкент қаласында байқалды», – деді спикер.
Туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 27%-ға өсіп, нәтижесінде абсолюттік көрсеткіш 592 млрд теңгені құрады. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында, Ақтөбе облысында, Атырау облысында және Қызылорда облысында тіркелді.
Мемлекет басшысының еліміздегі туристік бағыттарды тиісті жағдайға келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар курорттық аймаққа тексеру сапары ұйымдастырылды. Тексеру барысында ұйымдастыру сипатындағы бірқатар мәселе анықталды, олардың ішінде қоқыс контейнерлерінің тапшылығы, құтқару мұнаралары мен медициналық пунктілердің болмауы, сондай-ақ су көлігінің реттелмеген қызметі бар.
Сонымен қатар электрмен жабдықтау жүйесіндегі үзілістер, сумен қамтамасыз етудің және орталықтандырылған кәріз жүйесінің болмауы, кіреберіс және елді мекен ішіндегі жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы сияқты инфрақұрылымдық мәселелер де сақталып отыр.
Атқарылған жұмыс аясында курорттық аймақтарға 2 рет іссапар жасалды. Бірінші іссапар қорытындысы бойынша әкімдіктер бұған дейін анықталған кемшіліктерді жедел жою туралы есеп берді. Қазақстанның 8 курорттық аймағында 38 жаңа санитарлық торап, 45 биотуалет, 90 шешіну кабинасы және т.б орнатылды. Сонымен қатар 48 бейнебақылау камерасы орнатылып, интернет қамту аймағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.