Соңғы тәулікте тағы 27 адамнан вирус анықталды, ал Эболадан көз жұмғандар саны 91-ге жетті.
ERNUR.KZ. Конго Демократиялық Республикасында эпидемиологиялық ахуал күрделене түсуде. Ел үкіметінің ресми мәліметіне сәйкес, Эбола геморрагиялық қызбасын жұқтырғандар саны 515 адамға жеткен, деп жазады baq.kz.
Reuters таратқан мәліметке сәйкес, соңғы бір тәуліктің ішінде зертханалар тағы 27 адамның вирус жұқтырғанын растаған. Сонымен қатар өңірде Эболадан көз жұмғандар саны 91 адамға дейін өсті.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус қазіргі уақытта эпидемиологтар қауіпті байланыстардың небәрі 45 пайызын ғана анықтап отырғанын мәлімдеген еді. Ал вирустың таралуына тосқауыл қою үшін бұл көрсеткіш шамамен 90 пайыз болуы қажет.
Сонымен бірге Қазақстан Эбола вирусына байланысты шекарасын жаппайды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы хабарлаған болатын. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан халқы үшін қауіп деңгейі төмен деп бағаланады. Дегенмен халықаралық сапарлардың қарқынды жүруіне байланысты инфекцияның сырттан келу ықтималдығын толық жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.
Белгілі болғандай, Конгода әуежай қайта ашылды. Ұшар алдында азаматтардың дене қызуы өлшенеді. Ауру белгілері байқалған жолаушылар рейске жіберілмейді.


