Еліміздің ЖОО-ларында суицидология саласындағы мамандар даярланады

0
2 552

Үкімет тарапынан жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу мақсатында 2020-2023 жылдарға арналған арнайы жол картасы қабылданды.


Еліміздің ЖОО-ларында суицидология саласындағы мамандар даярланады

ERNUR.KZ. Еліміздің жоғары оқу орындарында суицидология саласындағы мамандар даярланады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2020 жылы жасөспірімдер арасында 143 суицид жағдайы тіркелген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 36 бірлікке (2019 жылы – 179), ал суицид әрекеттерінің саны 44 бірлікке (2020 жылы – 306, 2019 жылы – 350) азайған. Үкімет тарапынан жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу мақсатында 2020-2023 жылдарға арналған арнайы жол картасы қабылданды. Құжатта жастар мен балалар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және оларға қажетті медициналық-психологиялық көмек көрсетуге бағытталған кешенді шаралар қарастырылған», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, бүгінде өңірлерде 1 876 психологиялық қызмет құрылды. Онда балалардың құқықтарын қорғау бойынша 11 мыңнан астам маман, оның ішінде білім беру жүйесінде 7 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс істейді. Олар күнделікті өмірде психологиялық қиындықтарға тап болған балаларға және олардың ата-аналарына көмек көрсетеді. Сонымен қатар барлық өңірлерде «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталықтары ашылды. Орталықтар олар отбасыларға әлеуметтік бейімдеу, оқыту және тағы басқа мәселелер бойынша заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді.

«Білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты, қатыгездікпен қарауды болдырмау, оның ішінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жұмыстарын күшейту шаралары қабылдануда. Жоғары оқу орындарында суицидология саласындағы мамандарды даярлау шаралары қабылдануда. Жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау мәселелері педогогикалық жоғары оқу орындарының және колледждердің білім беру бағдарламаларына енгізілді», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бірлескен жоспары аясында 2020 жылы білім беру ұйымдарының барлық педагог-психологтарының біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылды.

«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгез қарау проблемасына көпшіліктің назарын аудару мақсатында жыл сайын «Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» республикалық ақпараттық науқаны (2020 жылы науқан аясында 754,9 мың оқушыны және 276,3 мың ата-ананы қамти отырып, 7 мыңнан астам іс-шара өткізілді) өткізіледі», - деді Асқар Мамин.