Елорда әуежайы 17 сағаттық режимге көшеді – Жолаушыларға үндеу жасалды

0
418

Әуежайдың баспасөз қызметі жолаушылардан аталған өзгерістерге түсіністікпен қарауды сұрап отыр.


Елорда әуежайы 17 сағаттық режимге көшеді – Жолаушыларға үндеу жасалды

ERNUR.KZ. 21 шілде мен 9 тамыз аралығында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан ұшатын жолаушыларға рейстердің келу-кету уақытын қосымша нақтылап отыру қажет, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, бұған осы кезеңде ұшу-қону жолағы мен жарық-сигналдық жабдықтарын жоспарлы жөндеу жұмыстары себепкер болмақ.

«2021 жылғы 21 шілде мен 9 тамыз аралығында әуежайдың жұмыс уақыты тәулігіне 24 сағаттан 17 сағатқа дейін қысқартылады. Жөндеу жұмыстары күн сайын сағат 11-ден кешкі 18-ге дейін жүргізіледі. Бұл жұмыстар 1 сәуірден бастап барлық авиакомпаниялармен алдын ала келісілді, соған сәйкес олар рейстер кестесін өзгертті. Осыған байланысты барлық жолаушылардан әуежайға алдын ала тіркелуге және авиакомпаниялардың колл-орталықтарында рейстердің ұшу уақыты туралы толық ақпаратты нақтылауды сұраймыз», - дейді әуежай өкілдері.

Әуежайдың баспасөз қызметі жолаушылардан аталған өзгерістерге түсіністікпен қарауды сұрап отыр.

«Уақытша қолайсыздықтар себебінен кешірім сұраймыз», - делінген ресми хабарламада.