Елорда тұрғындары отандық QazVac вакцинасын белсенді қабылдауда

0
549

Бүгінде елордада 100-ге жуық егу пункті жұмыс істейді.


Елорда тұрғындары отандық QazVac вакцинасын белсенді қабылдауда

Елорданың медициналық мекемелерінің егу пунктерінде қала тұрғындары отандық QazVac вакцинасын белсенді түрде алып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мысалы «Абу-Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталығының вакцина егу пункті 3 бөлме және күту залынан тұрады. Екпені салдыруға келген адам ең алдымен дәрігер қарауынан өтеді.

Дәрігер пациенттің жағдайын тексеріп, денсаулығына қатысты бірнеше сұрақ қояды. Артынша тамағын, қан қысымы мен дене қызуын өлшейді. Пациенттің халі барлық параметрге сай келсе вакцина салатын бөлмеге кіреді.

QazVac брендімен шығарылатын QazCovid-In отандық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Ол биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында жасалған. Вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Оның қауіпсіздігі мен басқа вакциналарға қарағанда артықшылығы дәлелденді. QazVac вакцинаассоциацияланған ауруларды тудырмайды.

Екі компонентті QazVac вакцинасының тиімділігі клиникалық сынақтардан кейін 96%-ды көрсеткен. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, бүгінгі күні әрбір жиырмасыншы отандасымыз короновирусқа қарсы вакцина салдырған. Отандық вакцинаның артықшылықтарының бірі сақтау шарттары. Егер «Sputnik V» вакцинасы тоңазытқышта -18 градус температурада сақталса, QazVac вакцинасы 2-8 градус температурада сақталады.


«Мен арнайы осы қазақстандық вакцинаны күтіп, бүгін салдырдым. Менің ойымша, ғалымдар, биологиялық қауіпсіздік өкілдері QazVac вакцинасын өте жоғары деңгейде жасаған. Салдырған соң ешқандай кері әсерін байқамадым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын», — деді астаналық Арын Өрсариев.


Бүгінде елордада 100-ге жуық егу пункті жұмыс істейді. Елордалықтарды вакцинациялау үшін барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар, «Mega Silk Way», «Керуен», «Хан Шатыр» СОО-ларында егу пунктері ашылған. Қала тұрғындары қауіпті вирусқа қарсы вакцинацияны белсенді қабылдауда.

Айта кетейік, 27 сәуірдегі жағдай бойынша елордада коронавирусқа қарсы 95 мыңға жуық адам екпе салдырған. Оның ішінде қала тұрғындары мен қонақтары, мәдениет және өнер қайраткерлері де бар.