Елордада 11 жастағы жеткіншек 27 мың вольттық тоққа түсіп, 5 метрлік биіктіктен жерге құлаған

0
1 367

Үстіндегі киімнің бәрі жанып, тек аяқ киімі ғана қалған.


Елордада 11 жастағы жеткіншек 27 мың вольттық тоққа түсіп, 5 метрлік биіктіктен жерге құлаған

ERNUR.KZ. Елордада техникалық көпірдің үстінде ойнап жүрген 11 жастағы жеткіншек тоққа түсіп, 5 метр биіктіктен жерге құлаған. Ата-анасының сөзінше, көпір аумағында техникалық қауіпсіздік шаралары мүлдем сақталмапты. Өлім аузында жатқан баланың өмірі үшін дәрігерлер барын салған, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

«Үстімдегі киімнің бәрі жанып кетті. Тек аяқ киімім қалды», - дейді тоққа түскен жеткіншек.

11 жастағы Кириллдің есінде қалғаны тек осы ғана. Жоғарғы вольтты тоққа түскен жеткіншектің денесінің 50 пайызын күйік шалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ақ халаттылар өлім аузында жатқан оқушыға лезде ота жасап, аман алып қалыпты. Қазір ол жансақтау бөлімінен палатаға көшіріліпті.

«Мен дәл сол сәтте өзімді қалай сезінгенімді жеткізе алмаймын. Баламның денесін күйік шалғаны сонша, сау-тамтығы қалмаған. Киімінің бәрі қан-қан, қол-аяғы ісіп кеткен. Ішкі құрылысы толықтай зақымданған. Құдайдан күні-түні баламның сауығып кетуін тіледім»,- дейді жеткіншектің анасы Кристина Цветикова.

Жазатайым оқиға 28 мамыр күні болған. Теміржол үстіндегі техникалық көпірде қарындастарымен ойнап жүрген бала, аяқ асты 27 мың вольттық тоққа түсіп, 5 метрлік биіктіктен жерге бір-ақ құлаған. Омыртқасы сынып, бас ми жарақатымен түскен жеткіншек отадан кейін комаға түскен. Бүгінде оның жағдайы бір қалыпты.

«Бұл бала жоғары вольтты желіге түскен. Мұндай жағдайда өмірді аман сақтап қалу мүмкіндігі өте аз. Сондықтан баланың ес жиғанын нағыз ғажапқа теңесек, артық айтқанымыз емес. Қазірде ол толықтай біздің бақылауымызда ем қабылдап жатыр», - дейді қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмаилов.

Бүгінде Кириллдың жағдайы қанағаттанарлық. Дәрігерлердің жіті бақылауында. Десе де науқас біраз уақыт ауруханада жатып, ем-дом қабылдайды.