Елордада иесіз ит пен мысықты бағып қағуға бюджеттен 100 млн теңге бөлінген

0
465

Ал оларды ұрықсыздандыруға 70 миллион теңгедей жұмсалады.


Елордада иесіз ит пен мысықты бағып қағуға бюджеттен 100 млн теңге бөлінген

ERNUR.KZ. Биыл елордада иесіз жүрген ит пен мысықты ұстап, бағып қағуға қала бюджетінен 100 миллион теңге бөлінді. Ал оларды ұрықсыздандыруға 70 миллион теңгедей жұмсалады, деп жазады 24.kz.

Елорда көшелерінде иесіз қаңғып жүрген ит пен мысықты жинайтын екі орталық бар. Олардың бірінде екі мыңдай ит және 300-дей мысық бар. Арасында сырғаланғандар да кездеседі. Яғни бағып қағып отырған иесі босатып жіберген. Осылайша жылы жұмсақта жатқан жазықсыз үй жануары қаңғыбасқа айналады. Онымен қоймай қала бюджетіне жүк. Өйткені оларды аулау, қамауда ұстау, тамақтандыру үшін жыл сайын қаржы жұмсалады. Биыл 100 миллион теңге бөлінген.

"Бұл бөлінген ақшаға біздің мекемемізде 60 адам жұмыс істейді. Сол алпыс адамның айлық қаражаты. Баланста тұрған үш объектіміз бар. Сол мекемелердің арендасы бар. Біз ветеринарлық жұмысты атқарамыз. Соған алатын дәрі-дәрмек бар. Асай-мүсей аламыз. Соның бәріне осы ақша бөлінеді. Былтырлары 90 миллионнан астам бөлінген", - дейді «Астана Ветсервис» директоры Асқар Әуелбек.

Сол тоқсан миллионға өткен жылы 3 мыңға жуық ит пен мысық ауланған. Биыл бес айда тағы екі жарым мыңдайы ұсталыпты. Яғни жылдан жылға қаңғыбас үй жануарының да, оған жұмсалатын қаржының да есебі артып жатыр. Енді не істемек керек.

"Бұл мәселені шешудің негізгі жолы ұрықсыздандыру. Сосын міндетті түрде құтыруға қарсы вакцина салып, чиптеу керек. Егер осыдан кейін иесі оны далаға қаңғытып жіберсе айыппұл салған жөн. Сонда азаматтардың жауапкершілігі артады", - дейді волонтер Дана.

Мәліметтерге қарағанда елорда әкімдігінен ит пен мысықты ұрықсыздандыруға да арнайы қаржы бөлінеді. Бақандай 70 миллион теңге. Кастрация жасайтын ветеринарлық емхана тендрмен анықталады. Олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жануарларға пана болып жүрген мемлекеттік және жекеменшік орталықтардың иттеріне бұл операцияны тегін жасайды.

"Бөлінген қаржыға биыл 2 жарым мың ит және мың жарым мысыққа кастрация жасалады деп жоспарланған. Тегін талондар азаматтардан және мекемелерден келіп түскен өтініштерді қарай отырып, теңдей үлестірілетін болады", - дейді Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бас маманы, Әсем Мусина.

Қоғам белсенділері бөлінген қаржының діттеген жеріне жұмсалып жатқанына күмәнмен қарайды. Өйткені ауланған үй жануарын кастрациялау және тамақтандыру көбіне волонтерлердің есебінен жүргізіледі.

"Бұралқы ит пен иесіз мысықтың санын көбейтіп көрсету оларды аулаумен айналысатын мекеме үшін тиімді. Себебі қаржы көбірек бөлінеді және бақылау аз. Олар қанша итті ұстап, қаншасын өлтіріп жатқанын ешкім санап жатқан жоқ қой", - дейді қоғамдық қордың басшысы, Нәсима Қорғанбекова.

"Мына аумақ әкімдікке қарайтын «Астана Ветсервис» мекемесіне тиесілі. Кейде бұл жерге иттерді тамақтандыруға келген волонтерлердің өзін кіргізбей қояды. Бұл мақұлықтар волентерлерден басқа ешкімге керек емес. Бір күннің ішінде жайратып тастар еді. Біз бөлінген қаржы жайлы да, тегін ұрықсыздандыру туралы да естіген емеспіз. Тек алдағы қыста мына жерге жылы қора салып беруге уәде етті", - дейді волонтер Дана.

Мәселені шешу үшін «Астана Ветсервис» мекемесі иттерді жаппай чиптеу жобасын жүзеге асырып көрмек. Бірақ оның қашан қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз.