Орындар санын 30 пайыздан асырмау керек.
ERNUR.KZ. Елордада 26 желтоқсаннан бастап қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысымен кинотеатрлардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай жұмыс істеуіне рұқсат берілді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Орындар санын 30 пайыздан асырмай, көрермендерді екі орын сайын және қатар бойынша шахмат тәртібімен отырғызу арқылы, күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып кинотеатрлардың жұмыс жасауына рұқсат етіледі. Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Акциялар өткізілмейді. Егер карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады», - деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.
Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сонымен қатар мереке қарсаңында мейрамханалардың, кафелердің, барлардың, асханалардың жұмыс уақыты үлкен кезектер туындауына жол бермеу мақсатында сағат 00.00-ге дейін ұзартылады. Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шаралардың сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек.
Бұл қаулы тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға қатысты емес. Олардың жұмыс уақыты - сағат 22:00-ге дейін.
Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңажылдық ертеңгіліктерді, корпоративтерді өткізуге тыйым салынды.
Карантин және шектеу шаралары бұзылған жағдайда нысандар қызметі тоқтатылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада супермаркеттер мен гипермаркеттерге тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Құжаттың толық мәтіні.