Үйлесім жүйесі 10 немесе одан жоғары градусқа қисайған кезде сигнал дабыл белгісін беріп, ол туралы ақпараттық жүйеде, сонымен қатар Telegram мобильді қосымшасында хабарланады.
ERNUR.KZ. Елордада құдықтардың шойын қақпағына датчиктер орнатылуда. Ол сенсорлар люктің ашылғанын және қозғалыс траекториясын анықтауға мүмкіндік береді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қаладағы жүйелі проблемалардың бірі – құдық қақпақтары мәселесі. Қала басшылығы осы ретте құдықтардың ашылуы ғана емес, олардың қозғалуын тіркейтін датчиктерді тесті режимде сынап жатыр. Ақылды датчиктер қазірдің өзінде жауын-шашын суын қабылдайтын кәріз жүйелерінің құдықтарына орнатылған», - деп хабарлайды қала әкімдігі.
Датчиктердің жұмыс қағидаты үйлесім жүйесіндегі орнын программалауға негізделген. Үйлесім жүйесі 10 немесе одан жоғары градусқа қисайған кезде сигнал дабыл белгісін беріп, ол туралы ақпараттық жүйеде, сонымен қатар Telegram мобильді қосымшасында хабарланады.
«Құдықтың қақпағы ұрланған жағдайда ақпараттық жүйе арқылы оның қайда апарылғанын білуге болады. Осылайша қазірдің өзінде бұл жүйе жемісін берді. 2020 жылдың 11 қыркүйегінде шойын люктарды ұрлағандар ұсталды. Ақпараттық жүйеге сигнал түсіп, қақпақтардың қозғалыс траекториясы, апарылған орыны белгілі болды. Ұрлық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.