Алматының Бостандық ауданы әкімдігі 26 қарашаға қараған түні жеке тұрғын үйде болған өрттен қаза тапқан бес адамды жерлеу рәсімін ұйымдастырады.
Сурет: Tengrinews.kz / Светлана Антонова
ERNUR.KZ. Баспанасы өрттен зардап шеккен тоғыз адам уақытша қонақүйге орналастырылды, деп жазады tengrinews.kz.
Әкімдік қаза тапқандарды жерлеу рәсімін ұйымдастырады
Трагедиядан кейін аудандық әкімдік қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қолдау көрсетеді. Олар дін өкілдерімен бірлесіп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өз мойнына алды.
"Қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасылар үшін осынау ауыр кезеңде оларға барлық көмек көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда", - деді Бостандық ауданы әкімдігі өкілдері.
Тоғыз адам қонақүйге орналастырылды
Әкімдік мәліметінше, өрт кезінде баспанасы зардап шеккен тоғыз адам уақытша қонақүйге орналастырылған.
Сондай-ақ, оларға құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, соның ішінде құжаттары қалпына келтіріледі.
Көмек көрсету және өзге де сұрақтар бойынша Алматы әкімдігінің 109 нөміріндегі Open Almaty бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Байланыс орталығы тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.


