Сондай-ақ, маманның айтуынша, қара суық түсе бастаған кезде балалардың арасында тұмау жиі тіркеледі.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілетін ем және отаның 95 пайызы тегін. Бұл туралы аталған мекеменің бас дәрігерінің орынбасары Медет Нұғманов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Біздің ауруханаға күніне жедел жәрдеммен 700-ге жуық бала түседі. Олардың ауруханаға түсу себебі әртүрлі. Ажыратып қарасақ, сол балалардың 300-ден астамы түрлі жарақат алған. 100-150 бала педиатрия және хирургия бойынша жүгінеді. Қандай жағдай болмасын кішкентай пациенттерді қабылдап, ем көрсетеміз. Сол сияқты қажетті құрал-жабдық пен мамандар бар. Балалар арасындағы ауру түрлеріне келсек, маусымға қарай бөлінеді. Жазда көбінесе түрлі жарақат алу көбейеді. Себебі балалар каникулда бос уақыты көп. Күзде жеміс-жидек, көкөністің пісетін маусымы болғандықтан іш және ішек аурулары етек жаяды», - деді Медет Нұғманов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.
Сондай-ақ, маманның айтуынша, қара суық түсе бастаған кезде балалардың арасында тұмау жиі тіркеледі.
«Қазіргі жағдайға келсек, балалардың арасында соқырішек ауруы жиі байқалып отыр. Оған себеп COVID-19 індеті болуы да мүмкін. Біздің ауруханада балаларға ота жасау екіге бөлінеді. Жоспарлы және жедел ота. Жоспар бойынша күніне балаларға 15-тен 30-ға дейін ота жасалады. Ал жедел түрде 10, 15 немесе 20 ота жасалуы мүмкін», - дейді ол.
Оның дерегінше, аталған ауруханада МӘМС аясында балаларға жасалатын ем, отаның 95 пайызы тегін.
Айта кетейік, 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүгінде елордада «Балаларға күлкі сыйла!» акциясы өтіп жатыр.
Аталған шара аясында балалардың тісін тексеру және емдеу бойынша «Стоматология» оқу-клиникалық орталығы, «Асыл-Ай Stom» ЖШС, «М32» ЖШС, «Тұмар», «Er-Stom» тағы сол сияқты стоматологиялық клиникалар өз қызметін етігн ұсынатындығы айтылды.