Елордада мәуліт мерекесі тойланды

0
1 110

Мәуліт мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.


Елордада мәуліт мерекесі тойланды

ERNUR.KZ. Елорда төрінде адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың құрметіне орай "Ғаламның рақым нұры" атты Мәуліт кеші өтті, деп жазады baq.kz.

Қасиетті Құран аяттарымен бастау алған Мәуліт кеші ардақты пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолданған сансыз салауаттармен берекеленді. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз барша мүміндердің мерейлі мерекесі – Мәуліт мейрамымен құттықтап, Әз Елшіге (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат иманымызға қуат, жанымызға азық екенін атап өтті. Алқалы жиынға елорда әкімі де өз ізгі тілегін жолдап, шаһар тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

Кеш аясында елімізге белгілі қари Жұманазар Садырханов пен Арман Ғабдуллиннің қос тілде орындаған Мәуліт жырының көрермендер үшін орны бөлек болғандай. Сондай-ақ, пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сағыныштарын әнмен жеткізген Құрмаш Маханов, Бейбіт Құшқалиев, Сержанәлі Әлібек сынды өнер жұлдыздары да бүгінгі кештің шырайын кіргізе түсті. Елімізге белгілі «Өнер қырандары» театры да рухани кешке өз үлестерін қосып, көрерменге "Пайғамбарды сағыну" қойылымын ұсынды

Мәуліт кешінің тағы бір тағылымды шарасы – дәстүрлі "Мәуліт сыйлығын" табыстау рәсімі болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Мәуліт кешінде ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бірнеше жылдан бері арнайы "Мәуліт сыйлығы" табысталып келеді.

Берекелі кеш барысында аталған құжатта көрсетілген имандылық, отаншылдық, ауызбіршілік, білімділік, мәдениеттілік, еңбекқорлық, аманатшылдық секілді асыл қасиеттер бойларынан көрініс тапқан абзал жандар марапатқа ие болып, халық алдында мерейлері асқақтады.