Фрилансерлер мектебі қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
ERNUR.KZ. Бүгін бас қалада мүмкіндігі шектеулі жандарды фрилансер ретінде және әлеуметтік желілермен жұмыс істеуге үйретуге арналған жазғы курс басталды, деп жазады Елорда Инфо.
«Бұл идея маған осыдан 1-2 жыл бұрын келді. Мен ол кезде мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істедім. Сонда ол кісілер «бізге қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылса, бізге қалада жүріп-тұру қиын» деген болатын. Содан ойымды жүзеге асыру мақсатында осы жобаны қолға алдым. Жобамның тұжырымдасын алып қалалық әкімдікке бардым, әкімдік бірден қолдау білдірді. Жалпы бұл жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды фрилансерлік және әлеуметтік желілермен жұмыс істеуге үйрету», - деді фрилансерлерді оқыту жобасының авторы Ұлан Әбішев.
Фрилансерлер курсына 36 елордалық тіркеліп, бүгінде оқып жатыр.
«Дәл қазір 20 адам дәріс алып жатыр. Жоспарға сәйкес олар 3 күн осында келіп тренерлерден дәріс алады, одан соң 3 күн қашықтықтан оқиды. 1 аптаға созылатын курс соңында қатысушыларға арнайы сертификат беріледі. Курсқа фрилансер болып жұмыс істеу тәжірибесі бар және әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеп жүрген мамандарды шақырдық», - деді ол.
Оның айтуынша, пилоттық нұсқа ретінде қолға алынған жоба сәтті жүзеге асырылса алдағы уақытта республикалық деңгейде қолға алынатын болады.
«Біздің түпкі мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фрилансерлер ұлттық желісін құру. Тағы бір айтып өтетін жайт, біз қатысушыларды тіркегенде мүмкіндігінше өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандарды жинауға мән бердік. Себебі ол кісілердің жұмыс істеуге қабілеті болғанымен,оларға жұмыс берушілер табыла бермейді. Осы себептен біз өз қолдауымызды көрсеткіміз келді», - дейді жоба авторы.