Бүгінде елордада мүгедектердің жеке көмекшілер саны 400-ден асады.
Нұр-Сұлтанда салық органдары мүгедектердің көмекшілерінен табыс салығын заңсыз алып келген. Бұл туралы мүмкіндігі шектеулі жандар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның жиынында айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, заңға қайшы әрекеттерге барған салық органы өз пайдасына 30 миллионнан артық сома өндіріпті. Елордалықтадың сөзіне сенсек, мамандар жылдар бойы заңсыз түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолғабыс ететін көмекшілерден табыс салығын алып келген.
Жиналған қаржыны қайтару туралы қаулы баяғыда шықса да, бас қаладағы мамандар мәселені шешіп берер түрі жоқ, дейді.
«Баяндамада салық органы біздің көмекшілерімізге жеке табыс салығын қайтарды деген ақпарат айтылды. Алматы, Қарағанды, Қостанай, Атырау, Орал сынды қалаларда шынымен де қайтарды. Бірақ, біздің қалада емес. Салық органдары еш жауап бермей отыр», - деді «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Астана» корпоратив қорының мүшесі.
Айта кетейік, бүгінде елордада мүгедектердің жеке көмекшілер саны 400-ден асады. Оларға бас қалада жауапты жалғыз ғана қоғамдық бірлестік бар. Оның басшысына сенсек, жылдар бойы салықтан қордаланған қаржы 30 миллион теңгеден асады.