Елордада трансшекаралық сулар мәселесі талқыланды

0
1 643

Трансшекарааралық сулар туралы конвенцияға Қазақстан үш жыл төрағалық ететін болды


Елордада трансшекаралық сулар мәселесі талқыланды

көрнекілік фото

ERNUR.KZ. Судың да сұрауы бар. Елордада шекараралық сулар туралы конвенция тараптары кеңесінің сегізінші сессиясы өтіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұрындық болған шараға әлемнің 100-ге жуық елінен 500-ге тарта мейман келді. Су қоры шектеулі және оның тапшылығы кез келген елдің тұрақты дамуына тежеу болып отыр, деп жазады 24.kz.

Судың да сұрауы бар деген қазақ даналығы әлемдегі мұхит теңіздердің, өзен көлдердің, жалпы су қорларының адам өміріндегі маңыздылығын айғақтаса керек. Қазақстан осы орайда конвенция шеңберінде құқықтық, экономикалық, экологиялық және технологиялық мүмкіндіктерді негізге алады. Азия құрлығында тұңғыш рет өткізіліп жатқан жиынға жиналған қауым да осы ауыз су тапшылығы мәселесін тақырыпқа арқау қылып отыр.

Шараны бейнежолдау арқылы құттықтау сөзімен ашқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға сессия маңыздылығы туралы айтты. Елбасы сондай ақ жалпыға бірдей Күн тәртібінде тұрған проблемаларға және оны шешу жолдарына тоқталған болатын.

Мәселен, халықты және халыққа қажет әлеуметтік экономикалық салаларды сумен қамту, тың технологиялар енгізу, инвестиция тарту, су қорларын зиянды қалдықтардан тазарту және білікті мамандар дайындау сынды тапсырмаларды тізбектеді. Жалпы әлемдегі 260 шекараралық су бассеині Жер шарының тең жартысын құрайды, адамдар оның аумағының 40 процентінде өмір сүреді. Бүгінгі басқосуға байланысты сарапшылар да өз пікірлерін білдірді.

"Жоғарғы жақта, Өзбекстан жақта суармалы жерлер бізден 2 есе артық" -деді сарапшы Ерлан Бадашев.

Сондай-ақ ресми делегация құрамында алыс жақын шет мемлекеттердің министрлік және агенттік басшылары бар. БҰҰ хатшысының орынбасары, Еуропалық экономикалық комиссияның атқарушы хатшысы Ольга Альгаерова баяндама оқып, ұйымның бас хатшысы Антонио Гутерриш атынан құттықтау сөзін оқыды. Жалпы, баяндама оқыған спикерлердің барлығы дерлік су мәселесін шешудегі өзара ынтымақтастықты айналып өтпеді. Өйткені ортақ мәселені шешу үшін жұдырықша жұмылу керек.

Жалпы бүгіннен бастап, Қазақстан аталған конвенцияға үш жыл төрағалық етеді. Осы мақсатта жоғары деңгейде бірқатар форум да өткізілді. Мәселен, жуырда Түркменстан елінде Орталық Азия елдерінің басшылары бас қосып, Арал теңізі мәселесін ортаға салды. Айта кетейін, шара екі күнге жалғасады. Оның барысында 2019-2021 жылдарға арналған стратегия мен бағдарлама қабылданады деп жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, шекарааралық сулар туралы конвенция 1996 жылы қабылданды және оған БҰҰ мүше елдер қатыса алады.