Жарылыс болған күннен бастап астаналықтар арнайы шотқа тек біркүндік еңбекақы есебінен 200 млн теңге аударған.
ERNUR.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласынан Арысқа құрылыс материалдарының алғашқы легі аттанады. Елордалықтар жарылыстан зақым келген 500 үйді жөндеп беруге міндет алып отыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында айтылды.
Елордалық ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтың айтуынша, жарылыс болған күннен бастап астаналықтар арнайы шотқа тек біркүндік еңбекақы есебінен 200 млн теңге аударған.
«Арысқа бүкіл ел болып көмектесіп жатыр. Қалалық Достық үйінде көмек жинайтын орталық ашылды. Тұрғындар белсенділік танытуда. Әсіресе, Ассамблея мүшелері белсенді. «Нұр-Сұлтан Арыспен бірге!» деген акция жарияладық. Бүгін қала әкімінің орынбасары бастаған көмекші топтың алғашқы легі Арысқа ұшады. Оның құрамында құрылыс мамандары мен мердігер ұйым өкілдері бар. Бізге тиген тұрғын үй секторында 500 үй орналасқан. Соны жөндеп, арыстық отандастарымызға өткізуіміз керек. Жөндеу жұмыстары бүгін-ақ басталып кететінін сеніммен айтамын», - деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, «Нұрлы астана» қоры Арысқа көмек көрсету үшін гуманитарлық көмек жинап жатыр. Бұл іске елордалық кәсіпкерлер үлес қосуда.
«Бұған қоса, арыстық 500 баланы астанаға шақырып отырмыз. Оларды елордаға әкеліп, көрікті жерлерді аралатамыз, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырамыз», - деді ол.