Соңғы деректер бойынша елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 579 медициналық қызметкер бар.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлердің коронавирус жұқтыру фактілерінің бәрі тексерілетінін мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Соңғы деректер бойынша елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 579 медициналық қызметкер бар. Жалпы карантин кезеңінде дәл осы дәрігерлердің вирусты жұқтыру қаупі жоғары», - деді Елжан Біртанов Тенгриньюс Instagram парақшасының тікелей эфирінде.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде коронавирус жұқтырған азаматтардың 80 пайызы ауруды белгісі жоқ күйде көтереді.
«Елде коронавирус жұқтырғандар саны аз болған кезде бәрін тесттен өткізудің қажеттігі туындамады. Алайда мәселен ауруханаға қолын сындырып түсіп жатқандардың өзінен коронавирус анықталып жатты. Оларды бірінші қабылдап, емдейтін дәрігерлер. Олар осылайша дәрігерлерге вирус жұқтыруы мүмкін. Сол себепті медицина қызметкерлерінің ауруды жұқтырып алуы бәрімізге оңай тиіп тұрған жоқ. Науқастармен тікелей жұмыс жүргізіп жатқандар да солар. Екіншіден кей жағдайда санитарлық талаптардың сақталмауы да себеп болатыны бар», - деді ол.
Елжан Біртанов дәрігерлердің коронавирусты жұқтыруының әрбір оқиғасы бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізілетінін еске салды.
«Медицина қызметкерлерінің науқастанып жатқанын көріп отырмыз. Алайда бұл мәселенің маңында қолдан жасалған дүрбелеңді туғызбай-ақ қоялық. Бұрыс баға берудің қажеті жоқ. Заңды түрде мәселенің анық-қанығына жетуге мұрсат беріңіздер. Біздің ғана тексеруіміз емес, прокуратура секілді бақылау органы да бұл мәселемен жіті айналысады. Ең бастысы – аурудың жеңуге маңыз беріп, эпидемияға қарсы жұмыс жүргізуге мүмкіндік беріңіздер», - дейді Елжан Біртанов.