Бүгін үкіметте қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал мәселесі қаралды.
Фото: үкімет
ERNUR.KZ. Үкімет Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен жұқпалы аурулардың таралуына, соның ішінде, қызылшаның таралуына қатысты кеңес өткізді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылда қызылшаға шалдығу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 85% төмендеген. Сонымен қатар жыл басынан бері Қазақстанда 1 951 адам қызылша жұқтырған. Олардың көбі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Атырау облыстарында байқалады. Аталған жағдайлардың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Ауруға шалдыққандардың көпшілігі – вакцина алмаған балалар.
Үкімет қызылша көп жұқтырған облыстардағы әкім орынбасарларының баяндамаларын тыңдаған.
«Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалды ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ халық арасында иммундаудың маңыздылығы жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмысты, ең алдымен, Маңғыстау облысында күшейту қажет екенін айтқан», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.


