Кәсіптік стандартты бекіту туралы бұйрық жобасы 2024 жылғы 11 қарашаға дейін «Ашық НҚА» порталында талқыланатын болады
Фото: asninfo.ru
ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» құжатын әзірледі. Бұл құжат – кәсіпорындарда қауіпсіздік техникасын сақтау мәселелерін қарастыратын, қажетті дағдылар мен құзыреттерді анықтайтын кәсіптік стандарт. Министрлік басшысы біліктілік сипаттамасын бекіту туралы бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталына жүктеді. 2024 жылғы 11 қарашаға дейін ашық талқылауға ұсынылады.
Біліктілік сипаттамасының негізгі мазмұны – еңбекті қорғауды басқару жүйесін жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау және жетілдіру талаптарын белгілеу. Сол арқылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын біріздендіру.
Кәсіби стандарттың құрылымы төмендегідей:
- Кіріспе: Стандарттың мақсаты мен міндеттері.
- Кәсіби қызметтің сипаттамасы: Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы негізгі бағыттар мен міндеттер.
- Біліктілік талаптары: Басшылар мен мамандарға қойылатын талаптар, кәсіби біліктіліктер мен дағдылар.
- Білім беру бағдарламалары: Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, сондай-ақ қайта даярлау мен біліктілікті арттыру курстарының мазмұны.
- Қорытынды: Стандарттың іске асырылуы мен мониторингі, нәтижелер мен болашақ бағыттар.
Бұл стандарттың қабылдануы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және салада бірыңғай талаптарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Стандарттың қолданылуы мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:
- Жұмыскерлер:
- Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы кәсіби қызмет талаптарын түсіну.
- Өздерінің кәсіптік даму мен біліктілікті арттыруын жоспарлау.
- Бейіндік бағыт бойынша мансаптық ілгерілеуді болжау.
- Жұмыс берушілер:
- Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы кәсіби қызмет мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу.
- Еңбек нарығының қажеттіліктеріне жауап беретін біліктілік талаптарын жаңарту.
- Персоналды жалдау және аттестаттау критерийлерін қалыптастыру.
- Кадрлардың біліктілігін арттыру, дамыту, ілгерілету және ротациялау бағдарламаларын жасау.
- Білім беру және оқу орындары:
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағыты бойынша мамандар даярлау.
- Бейінді бағыттардың басшылары мен мамандарын қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағдарламаларының мақсаттары мен мазмұнын айқындау.
- Оқытушылар мен сарапшыларды кәсіптік қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту.
- Мемлекеттік органдар:
- Еңбек нарығын мониторингтеу және болжау үшін кәсіби стандартты пайдалану.
Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелері Еңбекминінің ерекше бақылауында. Қазақстанда 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде енгізілетін өндірістік жарақаттануды төмендетудің жаңа тәсілдері іске қосылатын болады.
Соңғы жылдары өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша оң динамикалық көрсеткіштер орын алған. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұловтың мәлімдеуінше, өкінішке орай, биыл бұл өсімді сақтау не одан әрі жақсарту мүмкін болмаған.
Мысал келтіретін болсақ, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, еліміздің түрлі кәсіпорындарында жұмыс істейтін 700 азамат өндірістік зардап шеккен. Бұл цифр өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 10,6%-ға артық (633 жұмыскер). Зардап шеккен 700 жұмыскердің 90-ы қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық (69 жұмыскер).
Экономика саласында да зақым алған не жәбірленген жұмысшылардың көбі тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында, құрылыс саласында және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында тіркелген.
Барлық жағдайға жіті тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде адам өліміне апарып соқтырған оқыс оқиғалардың ең жиі кездесетін себептері анықталды. Олар:
- жұмыскердің еңбекті қорғау мен еңбек тәртібінің талаптарын өрескел бұзуы – 33% (101 жағдай);
- жұмыс берушінің жұмыс жүргізуді қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы – 31% (96 жағдай).
- жол-көлік оқиғалары – 11,4% (35 жағдай);
Өткен жылы бірқатар кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру шаралары жүргізілген. Онда жалпы саны 1 млн 692 мың жұмысшы қызмет етеді. Статистикаға сәйкес, қызметкерлердің 35% (519 мың) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтіні белгілі болды.
Жұмыс орындарында орын алуы мүмкін қауіп-қатердің алдын алу мақсатында Еңбекминінде кешенді шаралар қабылданып жатқанын айта кетейік. 2019 жылдан бастап 7 алтын ережені көздейтін «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыс басталды. Өңірлердегі кәсіпорындарында 18 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылған. Кеңестерде жұмыс істейтін еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор кадрларының саны 24 мыңнан асады.
Б. Мейірханұлы,