Қазақ қымызы Нью-Йоркте алтын жүлде иеленді

0
103

Жоба алкогольсіз және әлсіз алкогольді сусындардың концептуалдық дизайны аталымында үздік деп танылып, әлемнің түкпір-түкпірінен ұсынылған 1500-ден астам жұмыстың арасынан топ жарған.


Қазақ қымызы Нью-Йоркте алтын жүлде иеленді

Фото: Алматы әкімдігі

ERNUR.KZ. Қазақтың ұлттық сусыны қымыз Нью-Йоркте халықаралық деңгейде мойындалды. Алматыдағы JAS.BRANDS агенттігінің SAF Qymyz жобасы беделді DIELINE Awards 2026 сыйлығында алтын жүлде жеңіп алды, деп жазады ulysmedia.kz.

ДИЗАЙНЫ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасы хабарлады.

Жоба алкогольсіз және әлсіз алкогольді сусындардың концептуалдық дизайны аталымында үздік деп танылып, әлемнің түкпір-түкпірінен ұсынылған 1500-ден астам жұмыстың арасынан топ жарған. Марапаттау рәсімі 6 мамыр күні LUXE PACK көрмесі аясында Нью-Йоркте өтті.

ЖОБА ТУРАЛЫ

SAF Qymyz – дәстүрлі қымызды заманауи форматта ұсынған креативті жоба. Дизайнерлер сусын құтысын қазақтың дәстүрлі кесесіне ұқсатып, алюминий қаптаманы минималистік стильде әзірлеген. Ал «SAF» атауы қазақ тіліндегі «саф», яғни «таза» деген мағынаны білдіреді.

Туризм басқармасының мәліметінше, DIELINE Awards 2026 – қаптама дизайны саласындағы әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі. SAF Qymyz жобасының жеңісі қазақстандық креативті индустрияның халықаралық деңгейде мойындалып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ мұндай жобалар Алматының ұлттық мәдениетті заманауи дизайн, гастрономия және шығармашылық индустрия арқылы дәріптейтін креативті орталық ретіндегі имиджін күшейте түсетіні айтылды.