Enbek.kz порталында жасанды интеллект 50 мыңнан астам бос жұмыс орны бойынша ұсыныс берді

0
116

Аталған жоба түйіндемелер мен вакансияларды талдау процесін автоматтандыруға бағытталған.


Enbek.kz порталында жасанды интеллект 50 мыңнан астам бос жұмыс орны бойынша ұсыныс берді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында ағымдағы жылдың сәуір айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Enbek.kz» электронды еңбек биржасында жасанды интеллект көмегімен жұмыс іздеушілер үшін бос жұмыс орындарын автоматты түрде анықтау функционалдығын жүзеге асырды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 50 мыңнан астам ұсыныс жасалды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қолданылатын ЖИ моделі түйіндемелер мен бос жұмыс орындарын талдай отырып, талап етілетін мамандықты немесе мамандықтар тобын, күтілетін жалақы мөлшерін, тұрғылықты өңірді және кәсіби дағдыларды ескере отырып ұсыныстар береді. Бұл ретте табиғи тілді өңдеу және машиналық оқыту бойынша заманауи технологиялар пайдаланылады.

Аталған жоба түйіндемелер мен вакансияларды талдау процесін автоматтандыруға бағытталған, бұл жұмыс берушілер үшін лайықты кандидаттарды іздеу уақытын едәуір қысқартуға және қол еңбегін азайтуға мүмкіндік берді.

Түйіндемені өңдеу уақыты 2 секундтан аспайды, ал қолмен вакансия іріктеу процесі 80%-ға қысқарды. Алдағы уақытта ЖИ-ді қолдану арқылы жұмыс іздеу процесін 90%-ға дейін жеделдету күтілуде.