Енді әуежайларға да субсидия беріледі

0
517

Жылдық жолаушылар ағыны 200 мыңнан төмен коммуналдық меншіктегі әуежайлар субсидияланбақ.


Енді әуежайларға да субсидия беріледі

ERNUR.KZ. "Ашық сағат алаңы" жобасы аясында өңірлердегі әуежайларды субсидиялау мәселесіне арналған жиын өтті, деп жазады baq.kz.

ИИДМ азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтеповтың айтуынша, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына өзгерістер үкіметте мақұлданып, ол мәжілістің қарауына жолданды. Аталған өзгерістер операциялық шығындарды жабуға кіріс деңгейі жетпейтін жергілікті әуежайларды субсидиялау механизмін қарастырады.

Бұл өзгерістер енгізілгеннен кейін жылдық жолаушылар ағыны 200 мыңнан төмен коммуналдық меншіктегі әуежайлар субсидияланбақ.

Бүгінгі таңда еліміздегі көптеген жергілікті әуежай қаржылық қиындыққа тап болып отыр. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер ететіні белгілі. Себебі қаржының жеткіліксіздігі тиісті техникалық жаңалау жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіреді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы тараптағы заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Жуық арада аталған өзгерістер заңға енгізіледі деп жоспарланып отыр, - дейді Өтепов.

Осыған орай әуежайларды субсидиялаудың жаңа ережесі бекітілмек.

Сондай-ақ ол әуежайларды субсидиялау шарасы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасында да қарастырылғанын айтты.

Ел аймақтарын экономикалық және әлеуметтік дамыту бағдарламаларын кешенді қолдаудың арқасында ондағы әуежайлардың инфрақұрылымы мен адами ресурстарын жаңғыртуға мүмкіндік тумақ. Бұл – жолаушылар мен жүк тасымалына оң әсер етіп, тың серпін бермек, – дейді комитет төрағасының орынбасары.