Мемлекеттік архивтерге "ұлттық" мәртебесі беріледі.
Фото: Мәжіліс
ERNUR.KZ. Мәжіліс архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.
Құжатты Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев таныстырды.
"Бүгін біз архив ісін дамытуға қатысты заң жобасын екінші оқылымда талқылап отырмыз. Осы уақыт ішінде бұл құжат жан-жақты пысықталып, маңызды жаңа нормалармен толықтырылды. Олар негізінен салада жылдар бойы қордаланған түйткілдерді шешуге, архив ісін заманға сай дамытуға және өскелең ұрпақты ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз контенттерден қорғауға бағытталған. Сондықтан да заң жобасының мәдени-рухани сала үшін маңызы ерекше деуге болады", – деді депутат.
Оның айтуынша, архив – ұлттың жады, мемлекет тарихының құжаттық айғағы. Мұрағаттар саласын ұдайы жетілдіріп, дамытып отырудың мәні зор.
Аталған заң жобасы архив жүйесін нығайтуға, цифрлық үдерістерді реттеуге, дербес деректерді қорғауға және тарихи мұраны сақтауға бағытталған.
Заң жобасының негізгі новеллалары:
– Ұлттық архив қорының құрамын қала құрылысы, тәжірибелік-конструкторлық, жобалық-сметалық құжаттамалар, сызбалар және оларға қосымша мәтіндік жазбалар есебінен кеңейту;
– Құжаттарды тұрақты сақтауға қабылдау және цифрлық архивке өткізу тәртібін реттеу;
– Бюджет есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналарын архивтерге тапсыру;
"Ең бастысы, заң жобасына цифрлық архив туралы жаңа бап енгізілді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Енді олар ауылдық жерлердегі архив саласы мамандарының лауазымдарының тізімін анықтай алады. Сол бойынша жалақыға қосымша 25 пайыз ақы төленетін болады.
Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебесі берілетін болады. Бұл шешім Парламент пен Үкіметтің елдің тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтаудағы архив жүйесінің рөлін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Енді ұлттық архивтердің қызметкерлеріне еңбекақыны есептеу кезінде 1,75 еселік үстеме коэффициент қолданылады", – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.
Шамамен келесі жылы Астана мен Алматы қалаларындағы екі архив аталған ұлттық мәртебеге ие болады.


