Енді елімізде кір машинасы мен шаңсорғыштан шыққан дыбыс үшін айыппұл салынбақ

0
159

Шаңсорғыштың даусы шамамен 70 децибелге тең.


Енді елімізде кір машинасы мен шаңсорғыштан шыққан дыбыс үшін айыппұл салынбақ

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Енді қазақстандықтарға кешкі уақытта кір машинасы мен шаңсорғыштан шыққан дыбыс үшін айыппұл салынуы мүмкін, деп жазады stan.kz.

Мәселен, шаңсорғыштың даусы шамамен 70 децибелге тең. Ал елде "тыныштық сағаты" туралы заң бар. Оған сәйкес, кешкі 22:00-ден кейін шаңсорғыш қосуға болмайды. Әйтпесе, 30 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуіңізге тура келеді.

Санитарлық нормаларға сәйкес, күндізгі уақытта рұқсат етілген шудың деңгейі – 55 децибел. Ал түнде әрі "тыныштық сағатында" – 40 децибелден аспауы тиіс.

"Кодекстің негізгі талабы бойынша жұмыс күндері кешкі 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты бұзуға жол берілмейді. Ең жиі шағым түсетін жағдай құрылыс алаңдарынан шыққан шу", – деді Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің коммуналдық нысандарды бақылау бөлімінің басшысы: Гүлжан Қилыбаева.

Алматыда жыл басынан бері тыныштықты бұзғаны үшін 550-ден астам адамға айыппұл арқалаған. Алғаш рет тәртіп бұзғандарға он айлық есептік көрсеткіш (шамамен 40 мың теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер бір жыл ішінде оқиға қайталанса, сома екі есеге өсіп, жиырма айлық есептік көрсеткішке жетеді. Дегенмен жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, құқық бұзушылардың саны әлі де жоғары болып отыр.

"Қазақстанның Әкімшілік кодексінде 437-бап тыныштықты бұзу туралы норма бар. Заң бойынша барлық даңғаза жөндеу жұмыстары, қатты музыка және азаматтардың тыныштығын бұзатын кез келген әрекетке тыйым салынады әрі ол заңға қайшы саналады", – делінген полиция хабарламасында.

Барлық көршілер бірден учаскелік полицияға шағымдана бермейді. Әдетте дау-жанжалдар тұрғындар чатында шешіледі. Дегенмен ережелерді біліп, оларды бұзбаған дұрыс.