Енді қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді: Тоқаев заңға қол қойды

0
378

Қазақстан азаматы атанғысы келетіндер төл тарихымыздан да хабардар болуға тиіс.


Енді қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді: Тоқаев заңға қол қойды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Заңға сәйкес, енді экстремистер, террористер, педофилдер Қазақстан аумағына кіре алмайды.

«Экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қайтадан қылмыс жасаған, ұйымдасқан топтың (қылмыстық ұйымның) «серкесі» саналатын, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған, сондай-ақ Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде өз азаматтығы бар елге берілген адамдардың елімізге кіруіне тыйым салынған», - деп түсіндірді Ақорда.

Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасау, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау секілді қосымша негіздер қарастырылған.

Яғни педофилдерге, қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгермегендерге, Қазақстан тарихынан хабары жоқ азаматтарға да азаматтық берілмейді.

Бұдан бөлек Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін инвесторларға арналған көпреттік виза және сұранысқа ие кәсіп иелері үшін виза енгізіледі.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі, тергеу изоляторларындағы және уақытша ұстау изоляторларындағы бейнебақылау жүйелерін бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленіп отыр.

Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын адамдарға шаруа немесе фермер қожалығы үшін жер учаскелері беріледі. Қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсету көзделген.

Сонымен қатар заңда халықтың көші-қонына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер бар.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.