Енді қазақстандық балалар БҰҰ-ға тікелей шағымдана алады

0
714

Депутаттар Қазақстанның хаттамаға қосылуы бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.


Енді қазақстандық балалар БҰҰ-ға тікелей шағымдана алады

ERNUR.KZ. Парламент мәжілісі "Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қабылдады. Оған сәйкес, қазақстандық балалар БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне тікелей шағымдана алады, деп жазады sputnik.kz.

Заңның мақсаты – Бала құқықтары туралы конвенцияға 2011 жылғы 19 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас ассамблеясы қабылдаған Факультативтік хаттаманы ратификациялау. Ал факультативтік хаттама – Қазақстан 1994 жылғы 8 маусымда ратификациялаған БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына қосымша келісім.
Хаттамаға сәйкес балалар не олардың өкілдері БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы тікелей шағым бере алады. Комитет әрбір істі қарайды және қатысушы мемлекеттерге нақты ұсынымдарды қамтитын шешімдер қабылдайды.
Хаттамада адамның және азаматтың Қазақстан Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын шектейтін нормалар қамтылмаған.
Депутаттар Қазақстанның хаттамаға қосылуы бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Мәжіліс факультативтік хаттаманы ратификациялап, сенаттың қарауына жолдады.