Енді қыз алып қашқан жігіт қана емес, қасындағылар да сотты болуы мүмкін

0
284

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев некеге мәжбүрлеу және сталкинг фактілеріне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы мәлімет берді.


Енді қыз алып қашқан жігіт қана емес, қасындағылар да сотты болуы мүмкін

ERNUR.KZ. Оның сөзінше, қыздарды еркінен тыс алып қашқандар «адам ұрлау» бабы бойынша жазаға тартылуы мүмкін, деп жазады baq.kz.

Журналистердің сұрағына жауап берген ол Президенттің сынынан кейін бұл мәселеге құқық қорғау органдары тарапынан ерекше назар аударыла бастағанын айтты.

Оның сөзінше, бұған дейін Қылмыстық кодексте адам ұрлау бабы болған. Алайда 2025 жылдың қыркүйегінен бастап заңнамаға өзгерістер енгізіліп, «некеге мәжбүрлеу» және «сталкинг» баптары бөлек қарастырылған.

Қысқа мерзімнің ішінде сталкинг бойынша 60-тан аса іс қозғалды, олардың бірқатары сотқа жолданды. Ал некеге мәжбүрлеу фактілері бойынша 40-тан астам іс тіркелді. Оның алтауы қазір сотта қаралып жатыр, сотталғандар да бар, – деді Ғалымжан Қойгелдиев.

Ол «дәстүр» деген желеумен қыздарды еріксіз некеге тұрғызу – қазақ қоғамына жат құбылыс екенін атап өтті.

Сондай-ақ жаңа бап аясында жауапкершілік тек қылмысты тікелей жасаған адамға ғана емес, оған қатысы бар өзге тұлғаларға да жүктелуі мүмкін.

Тек ұрлаған адам ғана емес, оның жанында болған жақындары да жауапқа тартылуы ықтимал. Бұл баптың санкциясы өте қатаң – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал сталкинг бойынша 50 тәулікке дейін қамақ жазасы бар. Бұл да аз жаза емес, – деді Бас прокурордың орынбасары.