47 жастағы ер адам әйелін 12 жастағы баласы мен көрші балалардың көзінше атып тастаған.
ERNUR.KZ. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Ақбастау ауылында ер адам әйелін атып өлтірді. Марқұм ауыл балабақшасының меңгерушісі болып қызмет істеген, деп жазады sputnik.kz.
Тыныш жатқан Ақбастау ауылын дүр сілкінткен қайғылы оқиға 19 қарашада болған. 47 жастағы ер адам әйелін 12 жастағы баласы мен көрші балалардың көзінше атып тастаған. Оқиға болған сәтте әйел анасының үйінде болған. Кеуде тұсынан тиген оқтан оқиға орнында жан тапсырған. Аңшы мылтығындағы екінші оқты ер адам өзіне қарата атқанмен, оқ басын жанап өтіп, шашын ғана күйдірген.
"Төбемізден жай түскендей болды. Дәл мұндай болады деп ойламадық. Өйткені ерлі-зайыпты өте жақсы тұрды. Тәрбиелі отбасы. Ер адам ауылда тракторшы. Елдің бәріне көмектеседі. Ешкімді ренжіткенін көрген емеспіз. Тіпті ол төбелесе алмайтын адам. Сол күні мас болды деп естідік. Ал салынып ішіп, елдің мазасын алғанын естіген емеспіз", - дейді Ақбұлақ ауылының тұрғындары.
Бірнеше ұлттан құралған ауыл адамдары қару алып, атысып көрмеген. Ерлі-зайыпты да осы ауылда туып өскен. Ер адамның қолына қару алуына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полиция тергеуді бастады.