Ер адамды өлтіріп, аурухананың дәлізіне тастап кеткен: Оқиғаның мән-жайы белгілі болды

0
851

Белгісіз біреулер жігітті өлтіріп, денесін ауруханаға алып барып, дәлізге тастап, қашып кеткен.


Ер адамды өлтіріп, аурухананың дәлізіне тастап кеткен: Оқиғаның мән-жайы белгілі болды

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында белгісіз біреулер ер адамды өлтіріп, денесін Алға аудандық ауруханасының дәлізіне апарып, тастап кеткен. Аурухана дәрігерлері оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп жазады stan.kz.

Белгілі болғандай, жүрегінен пышақ жарақатын алып көз жұмған ер адам – 33 жастағы Ерлан Төлегенов. Ол қалада тұрған екен. Сол күні бала күнінен тәрбиелеген әжесіне бару үшін ауылға келген. Алайда ол сол күйі үйіне қайтып оралмады. Белгісіз біреулер Ерланды өлтіріп, денесін ауруханаға алып барып, дәлізге тастап, қашып кеткен.

Аурухана бас дәрігері Ақмарал Ешекенованың сөзінше, дәрігерлер ер адамның денесін дәлізден тапқан. Ол жүрегінен пышақ жарақатын алған екен.

«Өлі адамды алып келген. Бұл туралы аудандық полиция бөліміне хабарлап, криминалистерді шақырдық. Ол мәйітті сот сараптамасына алып кетті», - дейді Ақмарал Ешекенова.

Ерлан Төлегенов өзін өлтіргендермен таныс болған болуы мүмкін. Мұны марқұмның әжесінің сөзі де растайды.

«Тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Олар бір ауылда өсті. Мұндай қатыгездік қайдан шығады? Оны жайдан-жай өлтіріп кетті», - дейді марқұмның әжесі.

Ендігі кейуана істің әділ тергеліп, кінәлілердің қатаң жазаланғанын талап етіп отыр. Ал марқұмның артында екі кішкентай баласы қалды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысында белгісіз біреулер ер адамды өлтіріп, денесін аурухананың дәлізіне тастап, қашып кеткенін хабарлаған едік. Артынша күдікті тұтқындалды.