Қазақстанда спорт саласын қаржыландыру жүйесі жаңартылып, балалар спортын қолдау шаралары күшейтілді.
фото: ЖИ/ERNUR.KZ.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заңнамалық өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен қаржыландырудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов хабарлады.
«Биыл балалар спортын қолдауға қатысты жаңа заң қабылданып, бір баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 2025–2028 жылдары жаңа жүйені іске асыруға 76,7 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді», – деді министр баспасөз конференциясында.
Реформа аясында 160 спорт түрінен Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының бағдарламасына енген 67 басым спорт түрі айқындалды. Әр өңірдің географиялық ерекшелігі мен спорт инфрақұрылымының мүмкіндіктері ескеріле отырып, осы бағыттардың басымдығы бекітілді. Сондай-ақ кәсіби спортты қаржыландыру тәртібі де өзгерді.
«Заңнамаға сәйкес, легионерлерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынды. Нәтижесінде жүргізілген реформалардың экономикалық тиімділігі 8 млрд теңгеден асты. Үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын, спорт инфрақұрылымын дамытуға және басқа да басым бағыттарға жұмсалады», – деді спикер.


